Атерон (250 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Атерон
Халықаралық патенттелмеген атауы
Абиратерон
Дәрілік түрі
250 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат - 250 мг абиратерон ацетаты,
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза (Авицел РН-101), лактоза моногидраты (Фарматоза 200 М), натрий кроскармеллозасы, натрий лаурилсульфаты, повидон (Пласдон К-29/32), сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы (Аэросил 200), магний стеараты.
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, екі жағы дөңес, бір жағында 'A1' және екінші жағында 'H' таңбасы бар ақтан ақсары түске дейінгі таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Ісікке қарсы гормональді препараттар. Гормондар антагонистері және олардың аналогтары. Басқа да гормондардың антагонистері. Абиратерон.
АТХ коды L02BX03
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Абиратерон ацетаты мен абиратерон фармакокинетикасы дені сау еріктілерде, кешеуілді сатыдағы қуық асты безінің метастазды обырымен науқастарда және бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі бар онкологиялық емес пациенттерде зерттелген. Абиратерон ацетаты in vivo андрогендер биосинтезінің тежегіші болып табылатын абиратеронға тез айналады.
Сіңуі
Абиратерон ацетатын аш қарынға ішу арқылы қабылдағанда қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына жету уақыты 2 сағатты құрайды.
Абиратерон ацетатын тамақпен бірге қабылдау осы препаратты аш қарынға қабылдаумен салыстырғанда, тағамдағы май мөлшеріне қарай, абиратеронның «концентрация-уақыт» (AUC) қисығы астындағы ауданының 10 есе ұлғаюына және ең жоғары концентрациясының (Cmax) 17 есе артуына алып келеді. Тамақ құрамының қалыпты алуан түрлілігін ескеріп, Атерон препаратын ас ішумен қабылдағанда әртүрлі жүйелі әсер ету қабілеті болады. Сондықтан, Атерон препаратын тамақтану кезінде қабылдауға болмайды.
Таралуы
Адамның қан плазмасы ақуыздарымен таңбаланған 14C-абиратерон байланысуы 99.8% құрайды. Болжамды таралу көлемі - 5.630 л, бұл абиратеронның шеткері тіндерде кеңінен таралуын айғақтайды.
Метаболизмі
Капсулалардағы 14C-абиратерон ацетатын ішу арқылы қабылдаудан кейін абиратерон ацетаты ең алдымен бауырда сульфаттану, гидроксилдену және тотығуды қоса, кейіннен метаболизденетін абиратеронға дейін гидролизденеді. Айналымдағы 14C-абиратерон ацетатының көп бөлігі (шамамен 92%) абиратерон метаболиттері түрінде табылады. Анықталатын 15 метаболиттен 2 негізгі метаболиттің – абиратерон сульфатының және абиратерон сульфаты N-оксидінің әрқайсысы 43% жалпы радиоактивтілік береді.
Шығарылуы
Дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген зерттеулер деректері бойынша, плазмадағы абиратеронның орташа жартылай шығарылу кезеңі шамамен 15 сағатты құрайды. Таңбаланған 14C-абиратерон ацетатын 1000 мг дозада ішу арқылы қабылдаудан кейін радиобелсенді дозаның 88% жуығы ішек арқылы және 5% бүйрекпен шығарылды. Нәжісте анықталған негізгі заттары өзгермеген абиратерон ацетаты мен абиратерон (қабылданған дозаның, тиісінше, 55% және 22%-ға жуығы) болып табылады.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Абиратерон ацетатының фармакокинетикасы бауыр жеткіліксіздігі жеңіл және орташа дәрежедегі (Чайлд-Пью, тиісінше, А және В класы) пациенттерде және дені сау еріктілерде зерттелген. Абиратеронның 1000 мг дозада бір рет ішу арқылы қабылдаудан кейінгі жүйелі әсері бауыр жеткіліксіздігі жеңіл дәрежедегі пациенттерде 11% және бауыр жеткіліксіздігі орташа дәрежедегі пациенттерде 260% жоғарылаған. Абиратеронның орташа жартылай шығарылу кезеңі бауыр жеткіліксіздігі жеңіл дәрежедегі пациенттерде 18 сағатқа дейін және бауыр жеткіліксіздігі орташа дәрежедегі пациенттерде 19 сағатқа дейін ұзарады. Бұрын анықталған жеңіл дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде дозаны түзету қажет емес. Пайдасы ықтимал қаупінен анық артық болуы тиісті бауыр функциясының бұзылуы орташа пациенттерде Атерон препаратын пайдалану мұқият бағалану керек. Атерон препараты бауыр функциясының бұзылуы ауыр пациенттерде пайдаланылмауы тиіс. Препаратпен емделу үдерісінде гепатоуыттылық дамыған пациенттерге препаратты уақытша тоқтату және дозаны түзету қажет болуы мүмкін.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер
Тұрақты гемодиализде жүрген бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы пациенттерде және бүйрек функциясы бұзылмаған пациенттерде абиратерон ацетатының фармакокинетикасы салыстырылды. Гемодиализде жүрген бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы пациенттерде ішуге арналған бір реттік 1000 мг дозасынан соң абиратерон жүйелі әсерінің артуы білінбеген. Препаратты бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесіндегі пациенттерде пайдалану дозаны азайтуды талап етпейді. Алайда, Атерон препаратын бүйрек функциясы ауыр дәрежеде бұзылған қуық асты безінің обырымен науқас пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені Атерон препаратын ондай пациенттерде қолдану туралы клиникалық деректер жоқ.
Фармакодинамикасы
Әсер ету механизмі
Абиратерон ацетаты in vivo жағдайларында андрогендер биосинтезінің тежегіші – абиратеронға айналады. Абиратерон 17α-гидроксилаза / C17,20-лиаза (CYP17) ферментін іріктеп тежейді. Осы фермент экспрессияланады және аталық бездердегі, бүйрек үсті бездеріндегі және қуық асты безінің ісік жасушаларындағы андрогендер биосинтезі үшін қажет. CYP17 прегненолон мен прогестеронның 17α-гидроксилдену және C17, 20 байланысын үзу арқылы тестостерон ізашарларына: тиісінше, дегидроэпиандростерон мен андростендионға айналуын катализдейді. CYP17 белсенділігінің тежелісі де бүйрек үсті бездеріндегі минералокортикоидтар синтезінің күшеюімен қатар жүреді.
Қуық асты безінің андрогенге сезімтал обыры андрогендер деңгейін төмендететін емге жауап береді. Андрогенге қарсы ем, мысалы, ЛГРГ (лютеиндеуші гормон рилизинг гормоны) агонистерін қолдану немесе орхиэктомия аталық бездердегі андрогендер синтезін әлсіретеді, бірақ бүйрек үсті бездеріндегі және ісіктегі андрогендер синтезіне әсер етпейді. Атерон препаратын ЛГРГ агонистерімен (немесе орхиэктомиямен) біріктіріп пайдалану қан сарысуындағы тестостерон деңгейін анықталу шегінен төмен деңгейге дейін азайтады.
Фармакодинамикалық әсерлері
Атерон препараты қан сарысуындағы тестостерон мен басқа андрогендер концентрациясын ЛГРГ агонистерін пайдалану кезінде немесе орхиэктомиядан кейін қол жеткізілуінен төмен деңгейлерге дейін төмендетеді. Бұл андрогендер биосинтезі үшін қажетті CYP17 ферментінің іріктеліп тежелу нәтижесі болып табылады. Простата спецификалық антиген (PSA) қуық асты безінің обырына шалдыққан пациенттерде биомаркер қызметін атқарады.
Қолданылуы
Атерон препараты преднизонмен немесе преднизолонмен біріктірілімде қолданылады:
- клиникалық тұрғыда әзірге химиялық ем көрсетілмеген андрогенге қарсы сәтсіз емнен кейінгі жеңіл симптоматикасы бар немесе симптомдары болмайтын пациенттерде қуық асты безінің метастазды кастрациялық-резистентті (гормонға төзімді) обырын емдеу үшін
- доцетаксел негізінде химиялық ем қолдану кезінде немесе одан кейін қуық асты безінің метастазды кастрациялық-резистентті (гормонға төзімді) обыры бар пациенттерді емдеу үшін.
Қолдану тәсілі және дозалары
Қолдану тәсілі
Атерон препаратын тамақ ішу кезінде қабылдамау керек. Атерон препаратын тамақпен бір мезгілде қабылдау абиратерон ацетатының сіңуін айтарлықтай арттырады. Атерон препаратын тамақтан кейін екі және одан да көп сағат өткен соң қабылдау керек, ал таблеткаларды қабылдағаннан кейін, кем дегенде, бір сағат бойы тамақ ішпеу керек.Таблетканы сумен ішіп бүтіндей жұтқан жөн.
Дозалары
Ұсынылатын дозасы бір реттік тәуліктік доза түрінде 1000 мг (250 мг-ден төрт таблетка) құрайды.
Атерон препаратын төмен дозаларда преднизонмен немесе преднизолонмен қабылдау керек. Преднизон немесе преднизолонның ұсынылатын дозасы тәулігіне 10 мг құрайды.
Хирургиялық кастрация жасалмаған пациенттерді емдеу кезінде лютеиндеуші гормон рилизинг гормоны (ЛГРГ) аналогының көмегімен дәрілік кастрация жалғастырылуы тиіс.
Атерон препаратымен емделу басталғанша, емдеудің алғашқы үш айы бойына әр 2 апта сайын, ал артынан ай сайын сарысулық трансаминазалар белсенділігін өлшеп отыру керек. Артериялық қысымды, қандағы калий концентрациясын және организмдегі сұйықтықтың іркілу дәрежесін ай сайын бағалау керек. Алайда іркілісті жүрек жеткіліксіздігінің елеулі қаупі бар пациенттерде емдеудің алғашқы үш айы бойына әр 2 апта сайын, ал артынан – ай сайын мониторинг жасаған жөн.
Гипокалиемиясы бұрыннан бар пациенттерде немесе гипокалиемия Атерон препаратымен емделу кезінде дамыған пациенттерде ≥ 4.0 мМ калий деңгейін сақтау қажет.
Гипертензия, гипокалиемия, ісіну мен басқа минералокортикоидты емес уыттану көріністерін қоса, ≥ 3 дәрежелі уыттылық деңгейі дамитын пациенттерде емдеуді тоқтата тұру және тиісті дәрі-дәрмектік ем тағайындау керек. Атерон препаратымен емдеуді уыттану симптомдары бастапқы деңгейде немесе 1 дәрежеде болғанша қайта жаңғыртуға болмайды.
Атерон препаратын, преднизон немесе преднизолонның тәуліктік дозасын қабылдауды өткізіп алған жағдайда, емдеу келесі күні әдеттегі тәуліктік дозадан бастап жалғастырылуы тиіс.
Гепатоуыттылық
Егер препаратпен емделу барысында пациенттерде гепатоуыттану белгілері (аланинаминотрансфераза (АЛТ) немесе аспартатаминотрансфераза (АСТ) белсенділігінің қалыптың жоғарғы шегінен 5 есе асып кететін жоғарылауы) дамыса, емді бауыр функциясының көрсеткіштері толық қалпына келгенге дейін дереу тоқтату керек.
Бауыр функциясының көрсеткіштері қалыпқа түскен пациенттерде қайта емдеуді күніне бір рет азайтылған 500 мг дозасынан (250 мг-ден екі таблетка) бастауға болады. Бұл жағдайда сарысулық трансаминазалар белсенділігін бақылау үш ай бойы кемінде әр екі апта сайын, ал артынан ай сайын жүргізілуі тиіс. Егер гепатоуыттану белгілері 500 мг дозада қабылдау кезінде туындаса, Атерон препаратымен емдеуді тоқтату керек.
Егер пациенттерде емнің кез келген кезеңінде гепатоуыттылықтың ауыр түрі (аланинаминотрансфераза немесе аспартатаминотрансфераза белсенділігі қалыптың жоғарғы шегінен 20 есе асып кетеді) дамыса, Атерон препаратын тоқтатып, осы пациентті емдеуді қайталап жүргізбеген жөн.
Бауыр функциясының бұзылуы
Жеңіл дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі (Чайлд-Пью жіктеуі бойынша А класы) бұрын анықталған пациенттерде дозаны түзету қажет емес. Бауыр функциясының орташа бұзылуының (Чайлд-Пью жіктемесіне сай В класы) абиратерон ацетатының 1000 мг тең бір реттік дозаларын ішу арқылы қабылдаудан кейін абиратерон жүйелі әсерін шамамен төрт есе арттыруы көрсетілген. Абиратерон ацетатының көп реттік дозаларының оларды бауыр функциясының бұзылуы орташа немесе ауыр (Чайлд-Пью жіктеуіне сай В немесе С класы) пациенттерге тағайындау кезіндегі клиникалық қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректер жоқ. Қандай да бір дозасын түзету болжанбайды. Атерон препаратының пайдасы ықтимал қаупінен анық басым болуы тиісті бауыр функциясының бұзылуы орташа пациенттерде пайдаланылуын мұқият бағалау керек. Атерон препараты бауыр функциясының бұзылуы ауыр пациенттерде пайдаланылмауы тиіс.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек функциясы бұзылған науқастарға дозаны түзету қажет емес. Атерон препаратын қуық асты безінің обыры және бүйрек функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерге тағайындағанда сақтық шарасын қадағалау керек.
Балалар
Аталған жас санатында қуық асты безінің обыры болмайтындықтан, осы дәрілік зат балаларда пайдаланылмайды.
Жағымсыз әсерлері
Атерон препаратымен емделу кезінде келесі жағымсыз әсерлер: шеткері ісінулер, гипокалиемия, артериялық гипертензия және несеп шығару жолдарының инфекциялары неғұрлым жиі байқалды.
Басқа да маңызды жағымсыз реакцияларға жүрек тарапынан болатын бұзылулар, гепатоуыттану, сынулар және аллергиялық альвеолит жатады.
Өзінің әсер ету механизмінің фармакодинамикалық салдары ретінде Атерон гипертензия, гипокалиемия және сұйықтық іркілісіне себеп бола алады. Клиникалық зерттеулерде күтілетін минералокортикоидты жағымсыз реакциялар, плацебо алған пациенттермен салыстырғанда, абиратерон ацетатын алған пациенттерде жиірек кездескен: тиісінше, гипокалиемия 11%-ға қарсы 21%, гипертензия 11%-ға қарсы 16%, сұйықтық іркілісі (шеткері ісінулер) 26%-ға қарсы 20%. Абиратерон ацетатын алған пациенттерде 3 және 4 дәрежедегі гипокалиемия және 3 және 4 дәрежедегі гипертензия пациенттердің, тиісінше, 4% және 2%-да байқалған. Минералокортикоидты реакциялар, әдетте, тиісінше емдегенде оңай басылды. Кортикостероидтармен бір мезгілде қолдану осы жағымсыз реакциялардың жиілігі мен ауырлығын азайтады («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).
Жағымсыз реакциялар кездесу жиілігінің келесі жіктеуін пайдаланып, ағза жүйелерінің әрқайсысына қатысты жүйеленген: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100, <1/10), жиі емес (≥1/1000, <1/100), сирек (≥1/10000, <1/1000) және өте сирек (<1/10000), бірлі-жарым жағдайларды қоса.
Өте жиі (≥1/10)
- несеп шығару жолдарының инфекциялары
- гипокалиемия
- артериялық гипертензия
- диарея
- шеткері ісінулер
Жиі (≥1/100, <1/10)
- сепсис
- гипертриглицеридемия, аланинаминотрансфераза және аспартатаминотрансфераза белсенділігінің жоғарылауы, гематурия
- жүрек жеткіліксіздігі, соның ішінде іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, сол жақ қарынша жеткіліксіздігі, сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясының азаюы; стенокардия, аритмия, жүрекшелер фибрилляциясы, тахикардия
- диспепсия
- бөртпе
- сынулар (барлық сынуларды қоса, патологиялық сынуды қоспағанда)
Жиі емес (≥1/1000, <1/100)
- бүйрек үсті бездері функциясының жеткіліксіздігі
- миопатия, рабдомиолиз
Сирек ( ≥1/10000, <1/1000)
- аллергиялық альвеолит
- фулминантты гепатит, жедел бауыр жеткіліксіздігі
Жиілігі белгісіз
- миокард инфарктісі
Келесі 3-ші дәрежедегі жағымсыз реакциялар абиратерон ацетатын қабыдаған пациенттерде байқалды: гипокалиемия 3%; несеп шығару жолдарының инфекциялары, аланинаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы, гипертензия, аспартатаминотрансфераза деңгейінің төмендеуі, сынулар 2%; шеткері ісінулер, жүрек жеткіліксіздігі, жүрекшелер фибрилляциясы 1%, әрқайсысы жеке-жеке. Гипертриглицеридемия және 3-ші дәрежедегі стенокардия <1% пациенттерде байқалды. Шеткері ісінулер, гипокалиемия, несеп шығару жолдарының инфекциялары, жүрек жеткіліксіздігі және сынулар 4-ші дәрежеде болып, <1% пациенттерде байқалды.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- абиратерон ацетатына немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
- бауыр функциясының ауыр бұзылуы (Чайлд-Пью жіктеуіне сай С класы)
- лактаза тапшылығы, лактоза жақпаушылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы
- әйелдердегі жүктілік немесе ұрпақ өрбіту жасы, лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Абиратерон ацетатына ас ішудің ықпалы
Атерон препаратын тамақ ішумен бір мезгілде қабылдау абиратерон ацетатының сіңуін едәуір арттырады. Тамақпен қабылданған Атерон препаратының тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған. Атерон препаратын тамақтану кезінде қабылдауға болмайды.
Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі
Абиратерон әсеріне басқа дәрілік заттардың ықпал ету қабілеті
CYP3A4 күшті индукторы рифампицинмен 6 күн бойы күніне 600 мг алдын ала ем алып, соңынан абиратерон ацетатының 1 000 мг бір реттік дозасын қабылдаған дені сау пациенттердегі абиратерон AUC∞ орташа плазмалық мәні 55% төмендеген. Абиратеронмен емделу кезінде CYP3A4 күшті индукторларын (мысалы, фенитоин, карбамазепин, рифампицин, рифабутин, рифапентин, фенобарбитал, шайқурай [Hypericum perforatum]) қолданбау керек, оларды емдік баламасы болмаған жағдайда ғана қолдануға болады.
CYP3A4 күшті тежегіші – кетоконазолмен бірге қолданғанда абиратерон фармакокинетикасына клиникалық мәнді ықпал етуі анықталмаған.
Басқа дәрілік заттар белсенділігіне ықпал ету қабілеті
Абиратерон дәрілік заттар метаболизміне қатысатын CYP2D6 және CYP2C8 бауыр ферменттерінің тежегіші болып табылады.
Бір мезгілде абиратерон ацетаты (преднизонды қоса) мен декстрометорфан (CYP2D6 субстратын) қолданғанда декстрометорфан AUC 2.9 есе, белсенді метаболит AUC 33% ұлғайған.
Атерон препаратын CYP2D6 арқылы белсенділенетін немесе метаболизденетін дәрілік заттармен, атап айтқанда, емдік индексі тар дәрілік заттармен бір мезгілде қабылдау кезінде сақ болу керек. CYP2D6 арқылы метаболизденетін емдік индексі тар дәрілік препараттар дозасын азайту нұсқасын қарастыру қажет. CYP2D6 арқылы метаболизденетін дәрілік заттар мысалдарында метопролол, пропранолол, дезипрамин, венлафаксин, галоперидол, рисперидон, пропафенон, флекаинид, кодеин, оксикодон және трамадол қамтылады (соңғы үш препаратқа олардың ауыруды басатын белсенді метаболиттерін түзу үшін CYP2D6 қажет болады).
Дені сау тұлғаларда CYP2C8 ферментінің қатысуымен жүргізілген дәрілік өзара әрекеттесу зерттеуінде пиоглитазон мен абиратерон ацетатын бір реттік 1000 мг дозада қолдану пиоглитазон AUC 46% жоғарылауына және пиоглитазон M-III және M-IV әрбір белсенді метаболиті AUC мәнінің 10% төмендеуіне әкелді.
Алынған зерттеулер экспозициясының клиникалық мәнді ұлғаюының күтілмейтінін көрсетсе де, Атерон препаратын көбінесе CYP2C8 арқылы шығарылатын препараттармен бірге қолданғанда емдік индексі тар CYP2C8 субстраттарымен байланысты уыттану белгілерінің бар-жоғын қадағалау қажет.
In vitro, негізгі метаболиттер абиратерон сульфаты және абиратерон сульфатының N-оксиді бауырлық қармау OATP1B1 тасымалдағышын тежейді, соның салдарынан, OATP1B1 арқылы шығарылатын дәрілік заттар концентрациясының ұлғаюына әкелуі мүмкін. Тасымалдауға негізделген өзара әрекеттесуін растайтын клиникалық деректер жоқ.
Айрықша нұсқаулар
Минералокортикоидтардың артық мөлшері салдарынан болатын артериялық гипертензия, гипокалиемия, сұйықтық іркілісі және жүрек жеткіліксіздігі
Атерон препараты гипертензия, гипокалиемия және сұйықтық іркілісін туындатуы мүмкін, бұл симптомдар CYP17 тежелісі нәтижесінде минералокортикоидтар деңгейінің өсу салдарынан болады. Бір мезгілде кортикостероидтар қабылдау адренокортикотропты гормонның (АКТГ) көтермелеуші әсерін азайтады, бұл осы қолайсыз құбылыстар жиілігі мен ауырлығының азаюына алып келеді.
Ауыр немесе тұрақсыз стенокардияға шалдыққан, миокард инфарктісін немесе қарыншалық аритмияны бастан өткерген, сондай-ақ бүйрек жеткіліксіздігі ауыр пациенттерде, артериялық қысым көтерілгенде, гипокалиемия дамығанда (мысалы, жүрек гликозидтерін қабылдайтын пациенттер) немесе сұйықтық іркілісінде жағдайы нашарлап кетуі мүмкін (мысалы, жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде) науқастарды емдегенде сақ болу керек.
Атерон препаратын анамнезінде жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Атерон препаратымен жүргізілген 3 фаза зерттеулерінен бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, соңғы 6 ай ішінде миокард инфарктісімен немесе артериялық тромбоз асқынуларымен қатар жүрген клиникалық мәнді жүрек ауруы, ауыр немесе тұрақсыз стенокардиясы немесе NYHA жіктеуі бойынша III немесе IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (301 зерттеуі) немесе II - IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (302 зерттеуі) немесе <50% жүрек лықсыту фракциясы бар пациенттер шығарылды. 302 зерттеуінен жүрекшелер фибрилляциясы немесе дәрі-дәрмектік емді талап ететін басқа жүрек аритмиясы бар пациенттер шығарылды. Сол жақ қарыншаның <50% жүрек лықсыту фракциясы немесе NYHA жіктеуі бойынша III немесе IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (301 зерттеуінде) немесе NYHA жіктеуі бойынша II-IV функционалдық класты жүрек жеткіліксіздігі (302 зерттеуінде) бар пациенттер үшін қауіпсіздігі анықталмаған.
Іркілісті жүрек жеткіліксіздігінің елеулі қаупі бар (мысалы, анамнезінде жүрек жеткіліксіздігі, бақыланбайтын гипертензиясы немесе ишемиялық жүрек ауруы бар) пациенттерді емдеуге дейін жүрек функциясын бағалау (мысалы, эхокардиография) қажет. Атерон препаратымен емделуге дейін жүрек жеткіліксіздігіне ем жүргізіліп, жүрек функциясы оңтайландырылуы тиіс.
Гипертензия, гипокалиемия және сұйықтық іркілісі әрі қарай бақылаумен түзетілуі тиіс. Емделу кезінде артериялық қысымға, қан сарысуындағы калий деңгейіне, сұйықтық іркілісіне (дене салмағын қосу, шеткері ісінулер) және іркілісті жүрек жеткіліксіздігінің басқа белгілері мен симптомдарына үш ай бойы әр екі апта сайын, артынан ай сайын мониторинг өткізу керек, ал қалып шегінен ауытқулар түзетілуі тиіс. Клиникалық көрсетілімдерге сәйкес жүрек функциясын бағалап, тиісті ем тағайындау, ал егер жүрек функциясының клиникалық елеулі нашарлауы болса, Атерон препаратымен емдеуді тоқтатуды қарастыру қажет.
Гепатоуыттылық және бауыр функциясының бұзылулары
Бақыланатын клиникалық зерттеу жүргізілгенде емді тоқтатуға немесе дозаны түзетуге әкелген бауыр ферменттері деңгейінің елеулі жоғарылауы білінді (“Жағымсыз әсерлер” бөлімін қараңыз). Емдеуді бастар алдында қан сарысуындағы трансаминазалар деңгейін бағалау керек, бұл талдау емнің бастапқы үш айында әр екі апта сайын және әрі қарай ай сайын орындалу керек. Егер гепатоуыттануды көрсететін клиникалық симптомдар немесе белгілер білінсе, дереу қан сарысуындағы трансаминазалар деңгейін анықтау керек. Егер АЛТ немесе АСТ деңгейінің қалыптың жоғарғы шегіне қатысты 5 есе жоғарылауы болса, емді тоқтатып, бауыр функциясын бақылау керек. Қайта емдеу курсын осы пациент үшін бауырдың функционалдық тест нәтижелерінің бастапқы деңгейге оралуынан кейін ғана азайтылған дозаны пайдаланып өткізуге болады.
Егер пациентте емдеудің кез келген кезеңінде ауыр гепатоуыттану (АЛТ немесе АСТ қалыптың жоғарғы шегінен 20 есе асып кетеді) дамыған жағдайда емдеуді тоқтатып, осы пациентке қайталап ем жүргізбеген жөн.
Атерон препаратын белсенді немесе симптоматикалық вирусты гепатиті бар пациенттерде пайдалану деректері жоқ.
Абиратерон ацетатының көп реттік дозаларының бауыр функциясының бұзылуы орташа немесе ауыр пациенттерге (Чайлд-Пью жіктеуіне сай В немесе С класы) тағайындалу кезіндегі клиникалық қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректер жоқ. Атерон препаратын пайдасы ықтимал қауіптен анық басым болатын бауыр функциясының бұзылуы орташа пациенттерде пайдалану мұқият бағалануы тиіс. Атерон препараты бауыр функциясының бұзылуы ауыр пациенттерде пайдаланылмауы тиіс.
Препаратты постмаркетингтік қолдану кезінде кейбіреуі өліммен аяқталған жедел бауыр жеткіліксіздігі мен фульминантты гепатиттің сирек жағдайлары білінді («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз).
Глюкокортикостероидтарды тоқтату және стресс жағдайларын қайтару
Преднизонды немесе преднизолонды тоқтату кезінде сақтық танытып, бүйрек үсті бездері қыртысы функциясының жеткіліксіздік белгілерін бақылап отыру керек. Егер глюкокортикостероидтарды тоқтатудан кейін Атерон препаратын қолдану жалғасса, шамадан тыс минералокортикоидтар симптомдарының пайда болуын бақылау керек. Преднизон немесе преднизолон алатын пациенттерде стресс жағдайлары дамығанда стресс оқиғасының алдында, кезінде және одан кейін глюкокортикостероидтар дозасын арттыру қажет болуы мүмкін.
Сүйек асқынуларының даму қаупі
Сүйек тығыздығының төмендеуі кешеуілді сатыдағы қуық асты безінің метастазды обыры (қуық асты безінің кастрацияға төзімді обыры) бар ерлерде орын алуы мүмкін. Бұл әсері Атерон препаратын глюкокортикоидтармен біріктіріп пайдаланғанда күшеюі мүмкін.
Анамнездегі кетоконазол пайдаланылуы
Бұрын қуық асты безінің обырын емдеу аясында кетоконазол алған пациенттерде төменірек клиникалық жауап күтілу керек.
Гипергликемия
Глюкокортикоидтарды пайдалану гипергликемияны күшейтуі мүмкін – соған сәйкес, қант диабеті бар пациенттерде қандағы глюкоза деңгейін жиі өлшеп отыру керек.
Химиялық еммен бірге пайдалану
Атерон препаратын цитоуытты химиялық еммен біріктіріп қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.
Қосымша заттардың жақпаушылығы
Аталған дәрілік зат құрамында лактоза бар. Галактоза жақпаушылығымен, лактаза жеткіліксіздігімен немесе глюкоза және галактозаның мальабсорбция синдромымен байланысты сирек тұқым қуалайтын бұзылулары бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы тиіс. Сондай-ақ бұл дәрілік зат құрамында төрт таблеткадан тұратын дозасына 158 мг натрий бар. Ол натрий мөлшері төмен диета ұстанатын пациенттерде ескерілу керек.
Әлеуетті қауіптер
Қуық асты безінің кастрацияға төзімді метастазды обыры бар ерлерде (Атерон препаратымен емделуден өткендерді қоса) анемия және сексуалдық дисфункция дамуы мүмкін.
Жүкті әйелдер немесе жүкті болуға қабілетті әйелдер препаратпен қолғапсыз жұмыс істемеуі тиіс.
Қаңқа-бұлшық ет жүйесіне әсерлері
Атерон препаратын алған пациенттерде миопатия жағдайлары тіркелген. Кейбір пациенттерде бүйрек жеткіліксіздігімен болатын рабдомиолиз байқалған. Аталған әсерлер көптеген жағдайларда емделудің бірінші айында дамыған және Атерон препаратын қолдануды тоқтатудан кейін басылған. Қолданылуы миопатия/рабдомиолизбен байланысты болуы мүмкін препараттарды бір мезгілде алатын пациенттерде сақтық шарасын қадағалауға кеңес беріледі.
Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі Атерон препаратымен емделу кезінде емдік әсерінің төмендеу қаупі себепті CYP3A4 күшті индукторларын қолданбау керек, оларды емдік баламасы болмаған жағдайда ғана пайдалануға болады.
Бала көтеру жасындағы әйелдер
Атерон препараты әйелдерде қолдануға арналмаған.
Ерлер мен әйелдердегі контрацепция
Абиратерон немесе оның метаболиттерінің шәуһетте болуы белгісіз. Егер жүкті әйелмен жыныстық қатынас жоспарланса, мүшеқап пайдалану қажет. Егер бала көтеру жасындағы әйелмен жыныстық қатынас жоспарланса, контрацепцияның басқа тиімді әдістерімен қатар мүшеқап пайдалану қажет.
Жүктілік
Атерон препаратын әйелдерге пайдаланбау керек. Абиратерон ацетатын жүкті әйелдерге немесе жүкті болуы мүмкін әйелдерге қолдануға болмайды.
Лактация
Атерон препаратын әйелдерде пайдалануға болмайды.
Ұрықтану қабілеті
Абиратерон ацетатының ұрпақ өрбіту жүйесі үшін уыттылығына зерттеу жүргізілмеген, препараттың ұрықтану қабілетіне ықпал ету деректері жоқ.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Атерон препараты көлік құралдарын немесе механизмдерді жүргізу қабілетіне қолайсыз ықпалын тигізбейді.
Артық дозалануы
Симптомдары: Атерон препаратымен артық дозалану жағдайлары байқалған жоқ.
Емі: арнайы антидоты жоқ. Артық дозаланған жағдайда қабылдауды тоқтату, сондай-ақ аритмия, гипокалиемия және сұйықтық іркілісінің белгілері мен симптомдарына мониторинг жасауды қоса, жалпы демеу шараларын қабылдау керек. Бауыр функциясын да бақылап отыру керек.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Пластик қақпағы бар тығыздығы жоғары полиэтилен контейнерге 120 таблеткадан салынады.
1 контейнерден медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25°C-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
HETERO LABS LIMITED
Unit-V, TSIIC Formulation SEZ, Pollepally Village, Jadcherla Mandal, Mahaboobnagar District, Telangana, Үндістан.
Тіркеу куәлігінің иесі
HETERO LABS LIMITED, Үндістан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері
050043, Алматы қ., Мирас ықшам ауд., 157/732, тел. (727) 311-81-96/97
Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері:
050043, Алматы қ., Мирас ықшам ауд., 157/732
Тел. (727) 311-81-96/97, e-mail: irina.volovnikova@gmail.com